Қазақстан Конституциясы - еліміздің бет - бейнесі әрі саяси - құқықтық басты құжаты. Онда мемлекетіміздің негізгі құқықтық нормалары мен институттары айқындалған, қоғамның өмір сүруіне қажетті құқықтық базасы жасалған.
Қазақстанның мемлекеттік - құқықтық құрылысының біз жүріп өткен кезеңдері еліміздің Негізгі Заңының дұрыс жұмыс істеп келе жатқандығын білдіреді. Сондықтан, ол саяси, экономикалық және әлеуметтік өркендеудің сенімді іргетасы болып отыр.
Қазақстанның қоғамдық қатынастардың барлық салаларында қол жеткізген жетістіктері егемен елдің қалыптасу барысында кездескен қиындықтарды жеңе білуге, ең бастысы, оның халықаралық - құқықтық тұрғысын анағұрлым нығайтуға мүмкіндік берді. Мәселен, біздің мемлекетіміздің әлемдік қауымдастықтағы биік беделінің жарқын бір көрінісі Мемлекет Басшысының сыртқы саяси бастамаларын тиімді түрде жүзеге асыру, еліміздің, сондай-ақ, ЕҚЫҰ - ға төрағалық ету беделі болды.
Конституцияны жүзеге асыру барысында мемлекет тарапынан заңдылықтың орындалуына бақылау орнататын прокуратура органдарының рөлі айрықша. Қазақстан прокуратурасы заңдылықты және құқық тәртібін қамтамасыз етуге бағытталған қажетті шараларды жүзеге асырып келеді. Сондай-ақ, түрлі құқық қатынастарындағы субъектілердің құқықтарын қорғап, жүзеге асыру, сонымен қатар, бұл бағыттағы құқық қорғау органдарының жұмыстарын үйлестіру міндеті де біздің алдымыздағы абыройлы жұмыстардың негізі болып табылады. Адамның және азаматтың құқықтары мен еркіндігін конституциялық негізде қорғау - прокурорлық қадағалаудың ең басым міндеттерінің бірі.
Конституцияның рөлі мен маңызын нығайту - құқықтық жүйенің заңды бағыты. Сондықтан, оның әлеуетін жүйелі әрі мақсатты түрде жүргізе отырып, мемлекеттің құқық саясатын әлемдік талаптарға жақындату біз үшін абыройлы міндет екені даусыз.
Барлық қазақстандықтарды Конституция күнімен құттықтаймын, мықты денсаулық, бақыт және жұмыста табыстар тілеймін. Отанымыз гүлдене берсін.
Асхат Дауылбаев,
Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры
.
